Асанов Зиябай — 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Ордабасы ауданының Қажымұқан ауылында дүниеге келген.
Ол ағаның Шапатай (азан қойып берілген есімі Сапарәлі) деген інісімен менің әкем Жұмәділ түйдей құрдас, арасынан қыл өтпейтін сырлас досы болғандықтан жиі араласып тұратынбыз. Сондай-ақ, біздің үй мен Жолдас Мұқтардың үйінің арасында қалқоздың азық-түлік қоймасы болатын. Сол қойманың меңгерушісі қызметінде жүргенінен жақсы білемін. Түс мезгілінде ара-кідік үйде түстеніп, ата-анаммен өткен-кеткенді айтып әңгімелесіп отыратын. Ағаның өзім араласып, танығаннан бері бір нәрсеге қатты ашуланғанын, ренжігенін байқамаппын.Жүзі жылы, үнемі күлімсіреп жүретін, әңгіме айтқанда сабырлы, тиянақты, дауыс ырғағын қалыпты сақтап, бірсарынды сөйлейтін. Көпшіліктің арасында өзінің байыпты да, биязы мінезімен ерекшеленетін. Өз ісіне адал да берік, көпшіліктің сенімінен шығып жүрген ағалардың бірі еді. Үйлері ауылдың жоғарғы жағында, қай кезде барсаңыз да қолы бос кезінде қолына кетпенін алып, үй іргелік жеріне өсіріп отырған картоп, қызан, орамжапырақ, пияз, сәбіз, қияр, қауын-қарбыз, алма мен басқа да жеміс ағаштарына күтім жасап жүргенін көрер едік. Інісі Нұрабайдың үйі қатар салынғандықтан арасын шарбақ қана бөліп тұратын, Айша әжеміз көбіне Нұрабай ағаның үйінде, Зиябай, Әлқуат көкелердің үйіне де барып келіп отыратын.
Зиябай аға жұмысына велосипедпен келетін. Ол ағаның бір ерекшелігі жеңіл-желпі сынықтарды, тайған буындарды салатын және массажды жақсы жасайтын.
1988 жылы суықтап қалып, сол жақ жауырынымның астында түйін пайда болды. Күздің күні, оқушыларды мақтаға шығарамыз. Арнайы бөлінген автобуспен балаларды «Найманарықтың» сыртындағы мақта алқабына апарып, жүйектерге салғаннан кейін, мен Ханзада қарындасымнан(Зиябай көкенің қызы) ағаның үйде бар-жоғын сұрап, үйде екенін білгеннен кейін арнайы массаж жасатуға бардым. Түскі үзіліс болып қалған кез болатын. Үйге сәлемдесе кірсем, көкем бір өзі тамақтанып отыр екен, менің сәлемімді алғаннан кейін жанына отырғызып, бір тостаққа тамақ құйып берді. Ырысжан жеңешем көршілеріне кеткен бе, көрінбеді. Ол жеңгеміздің болмағанына да іштей қуанып отырмын, себебі, көкем массаж жасағанда көп адамдар шыдай алмайды деп еститінмін, сондықтан жігіт басыммен қиналғанымды жеңешемнің көрмегенін қалап отырмын. Тамақ үстінде келген жұмысымды ескерттім. Көкем күліп:-Тамаққа тойып ал,-деді
-Тамаққа тойып алып, Сіздің ем-домыңызға шыдай алмай үйді сасытып жүрмейін,-дедім.
Тамақтанып болғаннан кейін дастарқанды жинастырып, жайғасып отырды да, «кәне, бері жақында» деп менің кеудемнен бастап массаж жасай бастады. Мен болсам, жауырыным ауырады дегенімде, тыныш отыр деп жұмысын жалғастыра берді. Қабырғаларымның арасына сауасқтары енгенде, ауырсынып қаламын, содан мойныма массаж жасай отырып қос жауырыныма келді де, ал мықталғын деп күлді. Мен тістеніп, екі көзімді жұмып, енді не болар екен деп бір жағы қызықтап тұрғанымда ,Зиябай көкем әлігі түйін білініп тұрған жерді бұрап кеп қалғанда, екі көзімнен от жарқ ете қалғандай болды, бірақ өте жеңілденіп қалдым. Болды ма?-десем, отыр тыныш деп, бастапқы әрекетін қайталай бастады, ендігісі маған қатты батып барады, себебі қабырғаларымның арасына енген сауасқтары ауыртып жатыр. Көзіме жас іркілсе де шыдадым, екінші рет тағы да түйінді бұрағанда алғашқыдай емес, дегенмен екі көзімнен от жарқ ете қалғандай сезіндім. Бір-екі күннен кейін келерсің деген еді, ауырсынудан қорқып аяғымды баспай қойдым, бірақ сол қателігіме күні бүгінге дейін өкінемін, себебі сәл суықтағандай болсам, баяғы түйін пайда бола қалады.
Зиябай аға осындай тәсілмен ауылдың, басқа жақтан да келгендердің денсаулығының дұрысталып кетуіне көп көмектескен еді. Әңгімесінің арасында қанша ем жасаса да Балабек ағаның селт етпей шыдайтынын айтып отыратын, ал Балабек аға болса, емінің жанына жағып жатқанын сезінгеннен кейін қанша ауырсынса да, тістеніп, шыдап отыратынын айтатын еді.
Зиябай аға Шымкенттегі май сығу зауытында слесарь-құрастырушы болып еңбек еткен, сол зауыттағы табысты да еңселі еңбегі үшін 1945 жылы 15 ақпандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған(02.03.1990ж, №4-6 Қазақ КСР мемлекеттік орталық мұрағатханасының анықтамасы), сондай-ақ 1946 жылы 20-тамызда «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен(02.02.1993 жылығы А-18 ОҚО мұрағат бөлімінің анықтамасы) және Ұлы Отан соғысына байланысты көзі тірісінде барлық мерекелік медальдармен марапатталған.
Зиябай аға «Ленинтуы» қалқозында қойма меңгерушісі болып 1946-1961 жылға дейін адал еңбек етті. «Ленинтуы» қалқозы «Полезный труд» қалқозымен біріктірілгеннен кейін, алғашқыда ауыл ұстаханасында бір-екі жыл балташы болып, соңынан шаруашы-лықтың мал басын өркендетуге өзіндік үлесін қосып, шопан болып еңбек етіп, зейнеткер-лікке шықты.
Ол кісіні сыйлаған жеңгелері, келіндері «складшы қайным», «складшы қайнаға», «складшы мырзаға» десе,жас балалар «складшы ата» деп атайтын.
Ауылдың бірлігі мен ынтымағы үшін қариялық ақылын айтып, ауыл тентектерін жөнге салып отыратын, «Әй, өзің қандай болып барасың, сені жібі түзу жігіт пе деп сенім артып жүрсем, мына тірлігіңе не деуге болады? Естіген елден ұят болатын болды ғой, екіншілей сенің мұндай жағымсыз іс-әрекеттеріңді естімейтін де, көрмейтін де болайын» -деген ағаның айтқан ескертпесін екіншілей қайталамауға, ол кісінің көзіне айыпты болып көрінбеуге тырысатын едік. Өзінен тараған ұл-қыздарын саналы, тәрбиелі етіп өсірді.