Алғысөз орнына

Құрметті оқырман! Қолдарыңызға алып, парақтап көріп отырған кітап, менің алғашқы өз қолыммен жасалынған дүнием.
Жас кезімнен ақша жинауға ебім болмады, қолыма түскен азын-аулақ қаражатты қанағат етіп өскенмін. Менің мінезім солай шығар, Нармаханның анасы Ақыш шешеміз үйінде отырғанымызда бәріміздің / Нармахан, Біржан,Әбілтай, Киев, Оңласын, Мырзалы және мені «Жеті дуана» деп әзілдеп атайтын / алақанымызды ашып көріп, сызықтарымызға қарап отырып,маған қолың ашық болады дейтін еді, ал әкем де менің қаржыны ұстай алмайтынымды үнемі айтып отыратын. Оның растығын өмірде көріп жүрмін.
Сол себепті де мен арнайы баспаларда кітабымды шығаруға мүмкіндігім болмағандықтан осындай тәсілмен көпшілікке өзімнің шығармашылығымды таныстырғым келді. Ұрпағым мен туыстарым, құда-жекжаттарым және көпшілікке арнап отырмын.
Негізі 2004 жылы «Бабалар ізімен» деген көлемді кітабымды жазып бітірген болатынмын. Ол кітабым да дайын тұр.
1964 жылдан бергі түрлі тақырыптағы мақалаларым мен әңгімелерім,өлеңдерім қалың-қалың бірнеше кітап болып шығар еді. Дегенмен кейбір жекелеген кітаптарға мазмұнды мақалаларым енді, атап айтатын болсам, Әкім Ысқақтың «Ата аманаты» деген кітабына Сұлтан Ысқақов туралы «Темірлан» газетінде 1993 жылы жарияланған мақалам, Құрманәлі.Жылқыбайдың «Жылдар жазған жырлар», кітабында «Темірлан» газетінің алғашқы нөмірінің шығуы туралы, Бердуәлі . Тұрмағанбет ағаның «Сері аға» атты кітабында «Үйренеріміз көп еді», Рауан Бегалиеваның «Батамен бағың ашылсын» кітабына бір батам, «Қызыр қыдырған күн» ұжымдық шығармагерлер кітабына»Айта жүрер әңгімелер» топтамасымен қысқа әңгімелерім мен Тобағабыл Өмірзақовтың «Уақ ата шешіресі» кітабына бір топ өлеңдерім енді.
2006 жылы «Көңіл күйі» деп атпен бір ақынжанды келіншекпен айтысымды, «Қайратты болыңдар» деген тақырыппен республикаға танымал Нұрабай Шапатайұлы туралы кітапты құрастырып, баспаға дайындап отырмын.
«Ордабасы» знциклопедиясының, «Ордабасылықтар отты жылдарда» атты екі томдығының шығармагерлер тобының мүшесімін.
2002 жылы жарық көрген «Оңтүстіктің зиялылары» энциклопедиясына жорналшы ретінде ендім.
1993-2011 жылдарда Қазақстан жорналшылар одағының мүшесі
1992-2000 жылдары жарық көрген «Темірлан» облыстық, педагогикалық, танымдық-этнографиялық газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары,
2007 жылдан «Ордабасы ауданының Құрметті ұстазы», 2007 жылдан зейнеткерлік демалыстамын, шығармагершілік жұмыстармен айналысамын.
2011 жылы облыстық мәдениет, халық шығармашылығы бөлімінің жабық байқауында ІІ дәрежелі дипломмен,сексен мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталдым.
2012 жылы «Есірткі–ғасыр тажалы» деген ұжымдық жинаққа «Сүріну» деген әңгімем енді. Осы тақырыпты аудандық мәдениет бөлімінің режиссері Сәрсен Нартбаевтың ұсынысымен спектакльге бейімдеп жаздым.
Ауылда Толыбаев Әділхан ағаның өтініші бойынша «Батагөй қария», мектеп оқушысы Бегалиева Айшаның «Балбұлақ» деген кітапшаларын өзім құрастырып, шығарып бердім.
2012 жылы жарық көрген ақын Амангелді Тұрмаханбеттің «Өлең өлкесі», Тынысбек Қуатбаевтің «Жер ұйығы-Жиенқұм» кітабының, Амангелді ауылындағы Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінде он бірініші сыныпта оқитын Тіленшиев Абай Сұлтанбекұлының «Бала шақтан болашаққа» деген өлеңдер жинағының редакторымын.
Әбілда Аймақтың Бөгежілі руының атпал азаматтары туралы «Бабалар жолы» кітабына тарихи-зерттеу мақалаларым /Елемес Жәрменов, Қасым Жәрменов, Дәріпбек Әбдірайымов, Наймантай Арынбеков, Сыдық Ысмайылов, Әнуар Өтенұлы туралы/ енді.
Ал мына қолдарыңызға тиіп отырған кітаптағы әңгімелерім «Сырғаштың бақыты, «Жаралы жүрек», «Өкініш» бұған дейін баспа беттерінде жарияланған жоқ, «Сөндірме отын үміттің» атты әңгімем республикалық «Шұғыла» газетінде жарық көрді.
«Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, өз еңбегімді мен көкке көтеріп жатпайын, оны өздеріңіз оқып танысқаннан кейін сынпікірлеріңізді айта жатарсыздар. Қалай сынасаңыздар да шын ықыласыммен рахметімді айтамын, өйткені «сын түзелмей мін түзелмейді» деген қағиданы қатаң санамызға сіңіріп өскен ұрпақтың бірімін.
Сонымен кітапты оқыңыз, пікіріңізді ашық емін-еркін, өзіме, баспа бетінде айта беріңіз.
Шығармагер Қыдырбай Жұмәділұлы
Мекен жайым: Шымкент қаласы,
Самал-3 Мөлтек ауданы,
Диханкөл көшесі, 47 үй