Жыл толады, өзің жоқсың қасымызда,
Қайғы бұлты тарқамай тұр басымызда.
Өзіңді ойлап қабырғасы қайысады,
Әулеттегі кәрі мен жасының да.
Әулеттің алып, биік бәйтерегі ең,
Ақжарқын, шат күлкілі, пейілі кең.
Қара жер қойынына алып кетті,
Ауруыңа неше түрлі қолдансақ та ем.
Пәпін деп еркелетіп атаушы едім,
Ашулансаң райыңнан тез қайтушы ең.
«Алтын тойда» жақындап қалды десем,
Күлімсіреп, бас изеп қоюшы ең.
-Үзбегін намазыңды, мешітке бар,
Намазда имандылық қасиет бар.
Жасадың жас кезіңде талай «қылмыс»
Намазбен сол «қылмысты» жуып ал-
Деуші едің күлімсіреп, әзіл айтып,
Ұмытам сол күндерді енді қайтіп.
Еріксіз еске түсіп сол күндерім,
Білемін оралмасын енді қайтып.
Өзіңсіз өтіп жатыр күндер, түндер,
Жалғыздықты басына түскен білер.
Бірге жүрген күндерім еске түсіп,
Жүрек сыздап, уақыт жоқ менде күлер.
Тірі болып тіршілік жасап жүрмін,
Кімге керек басымдағы қайғы – мұңым.
Жанымды қиып қасыңа бара алмадым,
Көріп жүрмін өмірдің берген «сыйын»,
Тірлікте мән бермеппін қадіріңе,
Басқа түсіп, білінді енді міне.
Іңкәрлігім сөнбейді бір өзіңе,
Рухыңмен дем бергін өміріме.
Қайғыма ортақтасып келгендер көп,
Дастарқаннан бұйырған дәмді ішіп-жеп.
Өзіңді өмір бақи ұмытпаймын,
Кеудемнен шыққанынша ең соңғы леп.
Артыңа неге мені тастап кеттің,,
Не үшін, қандай ойды мақсат еттің?
Дедің бе қиналсыншы жүрек сыздап,
Мүсіркегенін көріп аз бен көптің.
Өзіңсіз өтіп жатыр әрбір таңым,
Шапағынан нәр алып қуанамын.
Сонда да жүрегімнің бір қуысы,
Сенікі деп ойлаймын, сенші Жаным!
Өмір-өзен буырқанып ағып жатыр,
Біреулер кетіп, біреулер келіп жатыр.
Жиырма жетінші немерең Кәусар қызың,
Шат күлкісімен бәрімізді қуантып жатыр.
Бәрі аман, басы түгел бала-шағаң,
Асырып жүр істерін ойға алған.
Ортаға алып, бәрі сыйлап отырса да,
Жалғыздық қылаң берер әр кез маған.
Өзіңді ойлап, есіме жиі аламын,
Тілдесе алмай, күрсініп қиналамын.
Сүреңсіз өтіп жатыр әрбір күнім,
Керек емес қызық пен дүние – малың.
Алдымда туыс, келін, немерелерім,
Маған ерекше бөліп жүр көңілдерін.
Көңілімді табу үшін бар күшін сап,
Аянбай мәпелеуде төгіп терін.
Жалғыздық жарасады құдайға деп,
Еститін сөзім қазір әр кімнен тек,
Не істейін, шарасызбын, амалым жоқ,
Үйленемін бе бұйыртса екінші рет.
Білмеймін қанша өмір сүрерімді,
Құлатып алғандаймын тірегімді.
Қалпына келтірші деп жалбарынам,
Құдайым қабыл ал деп тілегімді!
Қыдырбай Жұмәділұлы
13.07.2012 жыл