Жаңа оқу жылы басталғалы бері балалары мектепалды даярлық тобына қуана баратын, мектеп табалдырығын алғаш аттайтын, сондай-ақ өзінен кейінгілерге қарағанда мектеп ережесінен бұрынырақ «дәм татқан» бірінші сыныпқа қабылданған балалардың ата-аналарында тыным жоқ.
Бірі баласын, бірі қызын,енді біреулері немересін жетектеп(«оққағар» сияқты) «№ 55 –жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне(бұрынғы «Тұрлан орта мектебі») алып келіп мұғаліміне табыстап, сабақтары аяқталғанда «балапанын» ұстазының алдынан алып үйіне қайтып жатады. Кейбіреулерінде жеңіл көліктері бар, көбісі қоғамдық жолаушылар тасымалдайтын көліктермен жүреді.
Сондай «оққағардың» бірі менмін. Күнде немере қызымды қолынан жетектеп екі шақырым-дай жерді жаяу жүріп, одан № 86 бағыттағы автобусқа не №38 бағыттағы ГАЗельге отырып сондай қашықтықтағы мектепке апарып, алып қайтамын. Айнала төңірегімдегі көршілерімнің де бүлдіршіндерін қасыма ертіп аламын.
Жақында біздің тобымызға көршім қызын қосып берді. Бұған дейін атасы алып барып, алып қайтатын. Мектепке барар жолда, қайтқанымызда қасымдағы «балапандарыма» жол ережесін үйретіп отырамын. Күнде ауламызда уласып-шуласып, шұрқырасып ойнап жүрсе де, жаңадан қосылған сол қыздың есімін білмейді екенмін, бір жолы әлігі қыздан есімін сұрадым. Өзі ұяңдау, қатарлас-тарына қарағанда бойы да аласалау қыз есімінің Қаншайым екенін айтты. ҚАНШАЙЫМ!
Мына есімді естігенімде ауылымды сағынып, жас кездерім есіме түсіп, кинолентасындай көз алдымнан кейбір сәттер елестеп өтті.
Ия, Қаншайым есімі мені балалық шағыма шолу жасауыма себеп болды. Құлағыма таныс есімді мен жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан енді асқан кездері, яғни 1954-55 жылдары күзде есітіп, есітіп қана қоймай, сол есімнің иесі Қаншайым жеңгемді көзіммен көріп, қолынан дәм де татқан едім. Үйіміз жақын болғандықтан, әрі қайнысы Біржанға барғанымда жеңгемді көріп сәлем-десемін. Жасым 10-11-лерде болсам да, мен үйіне келгенімде қазақы салтпен иіліп сәлемін жасап сызылып тұрады. Өзі көрікті, сұлу, көркіне мінезі сай, әзілкеш, еңбек десе екі білегін сыбанып, құлшына кірісіп тұратын жан еді.
Қармантай ағамыз мектепте мұғалім, қолынан өнері тамған, домбыра мен мандолинаны тартып, өзі қосылып ән орындайтын әншілік те өнері бар, отырыстың гүлі еді. Жеңгеміз де әнді жақсы орындап, бұрала билейтін. «Екі жақсы қосылса, күн туады айменен» дегендей өнерлі екі жас сол кездегі ортаның жарқыраған жұлдыздары болатын.
Қаншайым жеңгеміз әзілді де орнымен айтып, өзі де жақсы қабылдайтын, бойынан қазақылықтың таза лебі есіп, үлкенге де, кішіге де сызылып сәлемін салып, алдарынан кесіп өтпейтін.
Үйлері қалқоздың жөндеу шеберханасы мен ұстаханасының қасында (қазір ол жерде «Сыдық Ысмайылов (Ысмайлов емес-мектептің қазіргі атауы осылай қате жазылып жүр, жөндетіңдер деген ұсынысқа құлақ асатын жан ашыр ешкімді байқай алмай жүрмін, «Көрмес, түйені де көрместің», «Соқыр тауыққа бәрі тарының» кебімен мөр мен бұрыштама басылған ресми хат-хабарлар жан-жаққа жөңкуде, тіпті кейде Смайылов орта мектебі деп те жазып жүргендер бар, оған мән беріп отырғандар табылмауда, қайтсін орысша санадан әлі тазарып біткен жоқпыз ғой,сондай-ақ оқу-тәрбие жұмысы ақсамағанына тояттап отырады, болмаса, 1993 жылы мектептің атауын «Ленинтуынан» өзгерткенде Сыдық Ысмайылов болып мемлекеттік ономастика комитеті бекіткеніне пысқырып та қарамай-тындар көбейіп барады) атындағы жалпы орта мектебі» мемлекеттік мекемесі орналасқан), жеміс ағаштары қызылды–жасылды жемістерімен көздің жауын алатын. Сары өрік пен қара өрік (алқоры) және ірі-ірі болатын жиделері мен алманың жаздық, күздік жемістері жайқалып тұратын. Үйіргелік шағын жерлерінде көгөністің түрлері мен «көздің жауын алатын» әр алуан гүлдер ауланың сәнін келтіріп,тазалық пен ұқыптылықтың шырайын аша түсетін.
Алғаш Қармантай ағамыздың ақ босағасын оң аяғымен аттап, келін болып түскен күні бет-ашардан кейін, кешке жастар жиналып, ойын-сауық ұйымдастырып, тамашалап отырған кезі. Үйдің қарсы бетінде, «Ленинтуы» қалқозының кеңсесі бар (қазір ол жерге ауыл мешіті салынды). Жастар жүрген жер әзіл-оспақсыз болады ма? Бірін-бірі орынды әзілмен «тірідей терілерін сыпырып», әсіресе, қыздар мен жігіттер қара өлеңмен айтысып жататын. Осындай да қыздарға жеңгелері, болмаса ағалары (бастарына орамал тартып алатын), кейіннен білгеніміз, әлігі қарындасына өлеңнің сөзін үйретіп отырған «жеңгесі емес» ағасы екенін танымасын деген қулықтары екен ғой ал жігіттердің қасында сөзге жүйрік «ақындыққа» жақын достары мен бірге бастарына ерлерше бөрік киіп алған жеңгелері де қарсыласы танып қоймасын деп ерлердің тасасында жасырынып отырып, қайнысына қалай жауап беруді үйрететін, егер де қай жағындағы әлігі «кеңесшісінің» не ер адам не әйел адам екенін біліп қойса, ондай да қарсыласының құдайы беріп, қара өлеңмен «екі қабат терілерін» сыпырып алып, көпшіліктің алдында әжуалайтын.
Жеңілген жақ орынды сынды дұрыс түсініп, тиісті айыптарын (орамал, жүзік, білезік, иіссу, иіс сабын, айна-тарақ т.б.) төлейтін. Қазіргідей елдің алдында мені әжуаладың деп ұрыс-керіс шығарып немесе қапысын тауып соққыға жығып кету деген болмайтын.
Жиырмасыншы ғасырдың ортасынан ауа Кеңес Одағына басшылық жасап отырған И.Сталин қайтыс болғанына көп бола қоймаған кез еді, Қаншайым жеңгеміздің келін болып түскен күні. Қалқоз басқармасының кешкі отырысынан шыққан белсенділері әзіл өлеңге (қыз бен жігіттің айтысына) қарық болып, мәз-майрам болып отырған жастарға келіп:
-Бұл қандай даңғазалық, Кеңес өкіметінің орнағаны қашан, сендер әлі ескілікті қоймайсыңдар! Тараңдар! Бұдан былай қызбен жігіттің немесе басқалардың улап –шулап ескіше өлең айтқандарыңды еститін болсақ, оңдырмаймыз,-деп дүрсе қоя берді. Жастар амалсыздан орындарынан тұрып (үлкендерді сыйлағандықтан, бірақ тамашаларын бұзғанын іштерінен жақтырмады, ал қазір ғой үлкеннің сөзін тыңдамау былай тұрсын, тойыма кедергі жасадың деп соққыға жығып майып етеді, болмаса өлтіреді)) тараса бастады. Сол күннен бастап ауылда қандай тамаша болсын өзара қара өлеңмен айтысу бәсеңдеп қалды.(Осы күні ойланып отырсам, Кеңестік идеология біздің санамызды «коммунизммен улап» суырып салмалығымызға балта шапқан екен ғой). Болмаса екі адамның басы қосылса бір шумақ тәп-тәуір өлең немесе нақыл сөз айтатын қазақ, қазақша ойлау былай тұрсын, оны ұмытып та кетті, зардабын қазір көріп жүрміз.
Қош Қаншайым жеңгемізге келейік. Жеңгеміз ауылға келін болып түскенде екі қолға бір жұмыс дегендей, қалқоздың қара жұмысына (жер өңдеу, мақта шабу, теру, көсекті үйде қазанда кептіріп, оны аршу, әйгілі «Найманарық» пен «Қаройарық» су жүйелерінің табанын 20-25 см тереңдікте күрекпен қазып тазарту, шылаулау, арық атыздарды тазалау, шым ою, арагідік қалқоздың қойларын тоғыту, мақтаға дәрі шашатын У-2 әмбебап трактірінің дәрі сепкішіне отырып, оны бақылау т.б.) жұмыстарында өзгелерге үлгі болып, алдыңғылардың қатарында есімі атала бастады.
Ол кезде ауылымыздағы клубта радио торабы бар, сол арқылы күнде кешке, таңертең жұмыста кімнің қандай биікке көтерілгенін, кімнің жұмыста жалқаулық көрсетіп, соңында жүргенін хабарлап отыратын, міне, сондай да Қаншайым жеңгеміздің есімі озаттардың қатарында аталатын.
Жеңгеміздің туып-өскен ортасы да тәрбиелі, өз ауылында елге сыйлы болып жүрген отбасытын, кейіннен олармен қоян-қолтық араласып, тіпті інісі Күдербаймен бір салада қызметтес те болдық.
Қармантай ағамыз бен Қаншайым жеңгеміз екеуі он перзент көрді, Дүниезада мен Дүриязададан кейінгі бір ер баласы жастай шетінеп кетті. Ағамыз отбасындағы жалғыз ұл еді, Алла оның орнын сүйкімді де, сымбатты, татулық пен бірліктің ұраны болған ұл-қыздармен толтырды.
Сол елуінші жылдары бүкіл Шығыс елдеріне ғана емес, әлемге белгілі «Мың бір түн» ертегісі төрт томдық болып қазақ тілінде жарық көріп, соны қызыға, құмарта оқыған және үйлерінің сөресінде «көзінің қарашығындай» сақтаған Жорабек, Қармантай ағаларымыз, өздерінің тұңғыш қыздарының есімдерін сол ғажайып ертегінің ғажайып кейіпкерлеріне ұқсатып Шаһаризада, Дүниезада деп атаған еді.(Айтпақшы «Мың бір түн» ертегісін біздерге (мектеп оқушыларына) оқуға тыйым салатын, «бала мен ит қорыған жерге өш» демекші, қанша тыйым салса да, сол ертегі кітапты әртүрлі жолмен тауып алып оқитынбыз)
Шаһаризада (Шәки) Жорабекқызы республикамызға танымал журналист болып, ата-аналарының азан шақырып қойған есіміне кір келтірмей, өзінің адалдығымен, шыншылдығымен, іскерлігімен елге танымал болып қалыптасты. Дүниезада да (марқұмның жатқан жері жайлы болсын!) Қаншайым жеңгеміз сияқты көрік десең көркі бар, салиқалы, салмақты қыз болып өсті, керемет әнші еді, Алматыдағы екі жылдық театр және эстрада өнер студиясында оқыған болатын, бала-шаға өсіріп, келіннің қызығын енді көріп келе жетқанда дүниеден озды.
Қаншайым жеңгеміздің пейілі мен құшағы кең, бауырмал, жатырқауды білмейтін, қай кезде болмасын дастарқаны жаюлы, үсті жеміс-жидектерге, қант пен кәмпиттерге толы болатын, ойына келгенін ашық айтатын аңқылдақ еді. Ауызынан жасамыс қарияларға «ата», ер кісілерге «қайнаға», кейуаналарға «ене», өзінен үлкен әйелдерге «шешей», қайынсіңлілеріне «бикеш», қайындарына «мырзаға» деген сөз ешқашан түспейтін. Жылы сөзімен баурып, бәрін жақын тартып жүретін.
Ата-аналарының саналы да салиқалы тәрбиесінің арқасында Қармантай ағамыз бен Қаншайым жеңгемізден тараған ұрпақтары еліміздің түкпір- түкпірінде Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен көркеюіне адал еңбектерімен қомақты үлес қосып келеді.
Айталық, Дүнизададан кейінгі Дүриязада қарындасымыз педагогикалық институтты бітіріп, әкесінің жолын қуып, мыңдаған шәкірттерді әліппе әлемімен таныстырып, қазақ тілінде сөйлеуге, ойын таза айтуға баулыды. Жоғарыда Қармантай ағамыздың өнер десе «ішетін асын жерге қоятын» жақындығын айтып өткенмін, сол өнерге құмарлық қанмен ұрпақтарына да берілді, Дүриязада да әнді нәшіне келтіре, беріле орындайды, талай рет аудандық, облыстық байқауларда жүлделерге ие болды.
Қара шаңырақтың иесі Амантай кезінде Ордабасы ауданының (бұрынғы Бөген) айнасы «Ордабасы оттары»(«Коммунизм таңы»,«Заря Коммунизма») газетін басып шығаратын аудандық баспаханасында баспагер болып адал еңбек етсе, қазіргі таңда ауылындағы орта мектепте техникалық қызметкер, Амантайдың сүйіп қосылған қосағы Ақерке Қадірбекқызы отбасылы болғалы тұрған үйде денсаулығына байланысты көп күтімді талап ететін ауру апасының барын біле тұра, саналы түрде Қаншайым жеңгеме келін болып, босағаны оң аяғымен аттады. Келінінің тәрбиелілігіне, жайдары-лылығына жеңгеміз көзі жұмылғанша риза болып өтті. Ақерке де енесінің қас қабағына қарап, қалай да көңілін табуға тырысып, қолынан келгеннің бәрін жасап жүрді. Дегенмен, кейде Қаншайым жеңгеміз келініне даусын қаттырақ көтеріп, кейбір іс-әрекетіне көңілі толмағандай болып көрінетін, ондай да Ақерке енесінің дауыс көтергеніне үндеместен үй тірлігін жалғастыра беретін, келін болып түскеннен кейін өзінің төркініне алғаш барғанында кішкентайынан Күлжан апасының (әкесі Қадір-бектің-Кәден деуші едік-анасы) бауырында өсіп, салмақтылық пен байыптылықты, салиқалықты, қа-зақы салт-дәстүрді бойына сіңіріп өскен және апасының қызы деп те тәрбиеленген Ақерке ойын апасына ашық айтатын, ақылдасатын, міне сондай бір күндерде енесінің болмашыға даусын көтеріп, кейде мазалайтынын айтып еді, апасы:
-Қызым, сен енді бір үйдің келінісің, сол енеңнің аурушыл екенін көзіңмен көріп, саналы түрде ақ босағасын аттадың емес пе? Енді енем үйтті, енем бүйтті деген сөзді екінші сенен естімейтін болайын, жағдайға қарай икемдел, «төркіні жақынның төсегі жиналмас» дегенді ықылым заманнан бабаларымыз айтып кеткен, сенің үйге келіп- кетіп жүргеніңді сырт көз басқаша түсінеді, ақылың бар ғой, айналайын, енеңнің қалай да көңілінен шығуға тырысқын,-деп ақылын айтып қуаттандырып отыратын. Жас кезінде әкесі Қадірбек пен анасы Шахар дауыстарын қаттырақ шығарса, апасы «Әй, Ақеркешіме тимеңдер, Тәттібектен кейінгі жасы кіші болғанымен осы үйдегі қыздың тұңғышы, «қыз-дың жолы жіңішке» демекші болмашыға көңілін қалдыра бермеңдер, жасық болып кетеді,-деп те қорғаштаушы еді, алдына сүйеніш көріп барғанда естігені қолпаштау емес, енді сол үйге «тастай ба-тып, судай сіңіп» өз күніңді өзің көр деп көкірегінен итергендей көрінгеніне бір түрлі көңілі құлазы-ғандай болып тұрғанын жасамыс апасы байқап қалып, «Айналайын Еркешім, менің қызым болсаң алдыңнан қандай қиындық кездессе де жол тауып, сол үйдің отбасын шаттыққа бөлейді,-деп сене-мін. Келе қойшы, маңдайыңнан иіскейін, алдыма асқар таудай алып апам бар деп келгеніңде көкіре-гіңнен итергендей болыппын ғой,-деп кең құшағына алып маңдайынан иіскелеп отырып, тағы да:
-Күнім-ау, бүкіл денеңнен бөгежілінің исі аңқып тұр ғой,-деп күлкіге батырған еді. Апасының құшағына енгенде Ақеркенің санасындағы реніштің бәрі құмға сіңген судай болып тазарып шыға келді.
Сол күннен бастап төркініне барғанында үйдегі кейбір келеңсіздіктерді айтпайтын болды. Осы күні байқап отырса, Күлжан апасының ақылы өте орынды екен, өзі ата-енесі туралы ештеңе айтпаса да, көпті көрген апасы ақылын айтып, жөн сілтеп отыратын. Ал, Қармантай атасы Ақерке келініне үнемі қолдау көрсетіп, қолынан келген көмегін аямайтын.
Педагогикалық колледжді( училищені) бітіріп, бастауыш сыныптар мұғалімі деген маман-дықпен, сегіз жыл білім алған мектебінде, кезінде өзіне сабақ берген ұстаздарымен иық тірестіре жүріп,бастауыш сыныптарда балалардың сауатты да талапты болуына баса назар аударды. Кеңес-тік кезеңде мектеп реформасына сай, мектеп басшылары өзіне бірінші рет алты жасар балаларды мектеп-балабақшада ғылым негіздерімен сусындатуды да сеніп тапсырған еді. Заман ағымы екінші мамандықпен жұмыс істеуді талап ете бастағанда пединститутты өндірістен қол үзбей оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі деген дипломын қолына алып шықты, қазіргі таңда ауыл бала-ларына қазақ тілінің қыр-сырын үйретіп жүр.
Қаншайым жеңгеміздің ұлдан үшіншісі Атымтайды Қармантай ағаның «аузынан түсіп қалған» деймін. Оның бойынан ағаның барлық қасиеттерін(әншілік, өнерпаздық, орынды сөйлеу, асабалық, ұйымдастырғыштық, әзілкештік, ақкөңілділік т.б.) көріп риза болып жүреміз.
Айтпақшы, Атымтай жас кезінен Күдербай нағашысының қолында болып, оның да жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өсті. Педагоикалық институтты бітірді. Қазір Шұбардағы колледжде дирек-тордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр. Атымтайдың да өнердегі табыстары аз емес, әр түрлі сайыстар мен байқаулардан алған сыйлықтары мен марапат-тары өз алдына бір әңгімеге желі болады.
Қазақпыз ғой, ауылға келгенінде Атымтайды «ой,шешең…» деп сыбаймыз, сонда:
-Жусансайда мені ешкім «шешең…» деп сыбамайды, керісінше «ой,әкең…» деп әкеме «күн көрсетпейді», кейін түсіндім ғой,-деп күледі.
Жеңгеміздің ұшінші қызы, Мәдина есімді қарындасымыз адам жанының арашашысы болуды армандап, медициналық колледжді (училищені) медбике мамандығы бойынша бітіріп, Ордабасы аудандық орталық ауруханада абыройлы еңбек етіп,мекеме басшылары мен әріптестерінің және аудан тұрғындарының алғысы мен құрметіне бөленуде.
1974 жылы 24 қазанда Ордабасы(Бөген) ауданының орталығы Темірланда жетіжылдық саз (қазіргі атауы өнер) мектебі ашылып, өнерге жаны құмар ауылымыздың балалары сол мектептің әр түрлі сыныптарында оқып, саз өнерінің алғашқы әліппесінен сусындады, оның қабырғасында жүр-генінде көптеген түлектері ауданымыздың намысын қорғап облыстық, тіпті республикалық байқау-ларда лауреат атанды.
Осындай өнерге жаны құмар, оған жақындық ата-анасының қанынан дарыған Серікбаева Қалдыкүл Қармантайқызы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Консер-ватроияға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығып, өскелең ұрпақты өнерге баулып жүр.
Қаншайым жеңгеміздің ерекше көріктілігі мен ашық жарқындығына «көз тиіп» аурушыл болып қалды. Осындай да отбасындағы қыздардың кенжесі Мерейлі анасының жанына шипа іздеп алас ұратын, сол ойын жүзеге асыру жолында мектептен соң, Алматыдағы медициналық институтқа түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында медицина ғылымының кан-дидаты дәрежесін алды. Қазір денсаулық сақтау саласында еңбек еткісі келетін, адам жанына ара-шашы болуды армандаған болашақ дәрігерлерге дәріс беріп жүр.
Асылтай мен Алмастай(марқұм, жаны жанната болсын!) колледжді бітіріп, бір-бір мамандық иесі болғанымен, мына нарық заманында олардың дипломдарының қажеті болмай қалды, сондық-тан жеке кәсіппен айналысып, еліміздің қанатын жайып, тұғырының бекемделуі жолында адал еңбек етіп жүр.
Қасымдағы бірімен-бірі алысып, қуаласқан немереммен жасты мектеп алды даярлық тобын-дағы сабақтарын аяқтаған соң, үйге қарай алып келе жатқанда, әлігі қыздың есімім Қаншайым дегенде ауылым, ауылда көрші тұрып, қолынан талай рет дәм татқан, әзілдескен Қаншайым жеңгем есіме түскен еді. Жатқан жерің жайлы болғыр жеңешемнің көзі тірі болғанда ұрпағы оның 80 жыл-дығын естен кетпестей етіп тойлар еді, амал нешік, енді тек құран бағыштап, естелік айтуды ғана бұйыртыпты.
Қармантай ағамыз 1993 жылы 60 жасында, Қаншайым жеңгеміз 2008 жылы 72 жасында бақи-лыққа кетті.
Көздері тірісінде(жас кездерінде) Қармантай ағамыз бен Қаншайым жеңгеміз екеуі көшеде қатар жүріп бара жатқанын көрген адамдар «қараңдаршы, екеуі қос аққудың қатар жүзгеніндей жарасымды екен!»,-деуші еді тамсанып. Қайран, аға, жеңешем-ай!
Қыдырбай Жұмәділұлы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі