Ұлы Отан соғысы басталып, ер азаматтар елімізді жаудан қорғауға қолына қару алып, түрлі майданда қанқұйлы жаумен жаға жыртысып, тіпті адам өлтіруді он ұйықтаса ойына алмаған өрімдей жас та, жасы қырықтан асқан салиқалы жігіт ағасы да амалдың жоқтығынан бетпе-бет келген жауды өлтіруге мәжбүр болды, олай етпесе өзі өледі.
Міне, 1418 күнге созылған алапат соғысқа жасы да жеткен, денсаулығы да мықты, тепсе темір үзетін, майданның қай бұрышына жіберсе де жаумен арпалысып, елі мен жерін азат етуге мүмкіндігі бар әр ауылдың атпал азаматтарын қолдарына арнайы броньдалған деген қағаз беріп, ауылда қажетті жұмыстарды(комбайн, машина-трактор т.б.) атқаруға қалдырды.
Соғыс кезінде егістік жер мен ресурсттарының көлемі азайып кетті. Жауынгерлерге киім, тамақ көптеп қажет болғаны белгілі, сондай-ақ ауылшаруашылығында еңбек ететіндерге еңбеккүн беру де тіпті төмендеді, осы кезде ауылшаруа-шылығында еңбек ететіндердің жұмыстарына қатаң қарауы үшін 1942 жылы 13 сәуірде Өкіметтің мынадай: «Қалқозшылардың ең төменгі еңбеккүнін арттыру тура-лы» Қаулысы шықты.
Осы Қаулыға сәйкес жасы 16-дан асқан әрбір қал-қозшы (топтаса отырып) 100,120,150 еңбеккүн, ал жас-өспірімдер(16-ға дейінгілер) 50 еңбеккүн табуы тиіс бол-ды.
1942 жылы 15 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төр-алқасының жоғарыда көрсетілген еңбеккүндерді орын-дамаған қалқозшылар қылмыстық жауапқа тартылып, істері сотқа берілетін болады немесе еңбек-түзету орындарына алты ай мерзімге жіберіліп, тапқан еңбеккүнінің 25 пайызын мемлекет-тің емес, қалқоздың пайдасы үшін ұстап қалу туралы Жарлығы шықты.
Мұндай шешім қалқоздың қызығушылығын арттырып, қамқорлықты қажет ететіндерге қол ұшын беруге тиімді болды.
Қасындағы жолдастары, туысқандары майданға аттанып жатқанда, бұлардың шал- кемпірлермен, қатын-қалаштармен қалуын намыс көріп, бірнеше рет майданға жіберуді өтініп тиісті әскери комиссариатқа барғанымен, еш нәтиже шығара алмаған Арыс ауданы «Ленинтуы» қалқозының атпал азаматтары: Асанбаев Ағатай, Боранбаев Жолдас, Елубаев Жұмәділ, Керімов Зияда және Қоқымбеков Тұрсынбек сияқты басқа да ауылдардың осындай азаматтары тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.
Жастау кезімізде ауылдағы ауылшаруашылығы техникаларына Бадам стансасынан қос ат жегілген арбаға кірәсін,бензин, автол, нигрол және жанар-жағар майды(солярка) екі-үш бөшкеге толтырып құйып әкеліп, ауыл ортасындағы жанар-жағар май қоймасына, одан ауылдан 4-5 шақырым жердегі дала қосына әкеліп жүретін ұзын бойлы, ат жақты, түсі суықтау атаны күнде көретінбіз.
Ол кісіні бұрынырақта трактір, комбайн айдаған, қанша рет қалқоз басшыларынан, Темірлан ауылдық Кеңесінен және Арыс аудандық әскери комиссариатынан майданға сұранса да, «брондалғансың» деп соғысқа жібермей, бәрі бірауыздан келісіп қойғандай:-Сіз Жоғарға Бас Қолбасшы И.В.Сталин жолдастың тікелей бұйрығымен «брондалып»,ауылда қасыңыздағы өзіңіздің еңбектегі жолдастарыңыз Боранбаев Жолдас, Елубаев Жұмәділ, Керімов Зияда және Қоқымбеков Тұрсынбек бесеуіңіз әскерге шақырылмайтын болдыңыздар. Тылда еңбек етіп,, егін өсіріп, оны жинап жауынгерлердің тамағы мен киімдерін дайындауды қамтамасыз етесіздер, соғыста мылтық атылып, бомба жарылады, ал тылда «мылтықсыз майданда» техника тілін білетін Сіздер сияқты білікті,білгір, іскер азаматтар да қажет, ауылдағы қыз-келіншектерді техника тілін меңгеруге үйретесіздер,- деген жауап алып зіңгіттей жігіт ағасы бола тұра өзінің майданға ағасы Ағыбаймен және ауылдастарымен иық тіресе майдан даласында қолына қару ұстамағанына күйініп, ренжіп қайтыпты деп еститінбіз.
Сондай-ақ ауылшаруашылығында еңбек етуге майданға жарамды азаматтарды да арнайы «броньмен» ауылда қалдыру туралы Жарлыққа байланысты жоғарыда атал-ған аталар тылда еңбек етті.
Осы кезде ауылдың 752 азаматы(кемпір-шалдар, қыз-келіншектер,жастар) тылда күнді-түнге ұластырып еңбек майданында жүрді.. Үйіміздің арасы жақын болғандықтан ары-бері өткенінде Ағатай атаны көріп, жүгіріп барып қолын алатынбыз.
Есейе келе Асанбаев Ағатай атаны ауылдағы ал-ғашқы трактіршілердің бірі екенін, Бадам машина-трактір стансасының(МТС-інің) трактіршілер біргадасының біргәдірі болғанын, сол кездегі Бадам МТС-інің директоры Краснопольскийдің арнайы бұйрығымен бірнеше рет жазбаша алғыс, ақшалай-заттай сыйлықтар алғанын мұрағат құжаттары арқылы біліп отырмыз.
Ауылға келгеннен кейін бір күн жұмысқа шықпай да қойды. Бұл өзінің басшыларға деген «өкпелегенінің» түрі еді.
Ертеңіне, күндегі әдетімен ерте тұрып, үйден сыртқа шыққанда өрімдей жас бала- шаға-лар мен қыз-келіншектер, кемпір-шалдар қолдарына орақ, айыр-тармаларын ұстап адырға беттеп бара жатқанын көргеннен кейін, әдеттегісінше тез райынан қайтып, ашуын басып ойла-нып, шынында да майданда тікелей соғысқа қатыса алмаса да, ауылда дәннің бір масағын, мақтаның бір көсегін қалдырмай тез жинап, оны өкіметке өткізсе, өздерінің жинаған астақтары мен мақта, бау-бақша дақылдары жауынгерлерімізге күш-қуат беретінін, жылы киім болатыны санасында жылдам жүгіріп өтті.
Үйге жылдам кіріп, жұмыс киімдерін киді де, жұбайы Қауташты да ертіп алып, адырдағы егіс басына жүріп кетті.
Жұмыс басына келгеннен кейін трактір жүргізуді үйренгісі келетін қыз-келіншектерді іріктеп:немере қарындасы Мұсабаева Гүлзаданы,қарындастары Омарова Құлқанысты, Әжібе-кова Шекерді, Жәнібекова Әсияны, Күржібаева Тәжікүлді,Әсілбекова Шекерді, өзінің жұбайы Асанбаева Қауташты комбайн-трактір жүргізудің әдіс-тәсілдеріне үйрете бестады.
Нәтижесінде иелері майданға кеткен, жүргізушісі болмағандықтан қаңқиып тұрған трактір-комбайндарға жүргізуді меңгерген жоғарыда аталған қыз-келіншектердің арқасында жан бітіп, егіс алқабында комбайн сүйреген трактірлер астықтың бір масағын ысырап етпеу үшін аянбай еңбек ете бастады.
«Броньда» қалған ауылдың бес бірдей азаматы тылда әрбір дән үшін күнді түнге ұласты-рып, барынша адал еңбек етуге тырысты. Жиналған астықты бастырып, астық толы қаптарды Бадамдағы астық қабылдау мекемесіне апарып, өткізіп қайтады.
Соғыс та жеңіспен аяқталды. Тылда еңбек еткендер жазбаша Алғыстармен, ақшалай-заттай сыйлықтардан тыс мемлекеттік марапаттау «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында тылдағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ағатай ата мен Қауташ апа Мәрияш, Әметай, Шәкетай, Қалима сияқты ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Олар да ата-анасынан сіңген еңбексүйгіштіктің нәтижесінде еліміздің экономи-касының дамуына өзіндік үлестерін қосып, Алланың берген немере-шөберелеріне ақылман ата, әже атанып, елге сыйлы болып жүр.
Ағатай ата кейіннен май таситын арбаны балабақшаға бала таситын, кешке оларды үйді –үйлеріне тарататын жәшік арбаға ауыстырған еді. Осы күндері балаларды балабақшаға зуылдатып апаратын, одан үйлеріне әкелетін арнайы автобустарды көргенде Ағатай атаның «арба-автобусы» еріксіз есіме түсіп, өткен күндер көз алдымда кинолентасындай өтіп, атаның зор тұлғасы елестейді. Сол «арба-автобусы» зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі «қызметі екен».
Жеңісті жақындатуға ауылымның азаматтарының тылдағы еңбектерінің бір қыры осын-дай еді.
Қыдырбай Жұмәділұлы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.