Көз көрді ес білгелі, әр ісіңізді,
Біріктіре білдіңіз келін-абысынды.
Қай кезде де еркін ұстап өзіңізді,
Байқамаппын жүзіңізден қайғы, мұңды.
Есімін тура атамай үлкен-кішінің,
Дәстүрдің эталоны едіңіз үлгісінің.
Қайынаға, мырзаға деп көрген жерде,
Алдын кесіп өтпепсіз ер кісінің.
Есімін тура атамай еріңіздің,
Беделін жоғары көтеріп Піріңіздің.
Есік ашық, дастарқан жаюлы еді,
Берекесі екенсіз ғой үйіміздің.
Аңқылдақ, пейілі кең жан едіңіз,
Үлгі Сізден алатын әулетіңіз.
Келін-кепшік, абысын, көршілерді,
Үйлестіріп жүретін дана Сізсіз.
Он бір құрсақ көтердім деп едіңіз,
Жайнап,жадырап тұратын келбетіңіз.
Құшағыңа аймалап алғаныңда,
Марқайып, биіктеп біз кететінбіз.
Әкемнің көрмеппін Сізге жекігенін,
Қол жұмсап,көз алартып, секіргенін.
Алпыс жыл бірге тұрмыс құрған шақта,
Кінәлі болып көрмеппін өкінгенін.
Қай кезде артық кетсек, бөсіп,лағып,
Жүруші едіңіз қақпайлап, күйбең қағып.
Кешірімшіл едіңіз сом жүректі,
Көпшілдігіңізбен жүрдіңіз елге жағып.
Жас кезімізде болдыңыз Сіз аурушыл,
От басымыз үшін ауыр кез еді-ау бұл.
Аурудан азып-тозып, мүлде жүдеп,
Қалған еді қу сүйек, көзден тайып нұр.
Қабылдап қазақшылық ем-домдарды,
Егізбай атаның әруағы көп қолдады.
Шын ниетімен емдеген сол атаның,
Ашып берген еді Сізге таза жолдарды.
Дүр сілкініп аурудан шаттандыңыз,
Аурудан еш қалмады белгі мен із.
Ортамызға аман-сау оралғанда,
Қайта туғандай торсаңдап қуандық біз.
Басыңыздан өтті ғой не қиындық,
Болмай қалды дейтінсіз оны бір күндік.
Енді ауырмасын анамыз сау болсын деп,
Құдайдан күнде тілеп Біздер жүрдік.
Мейірім нұры шашып көзіңізде,
Жарасып тұрушы еді өзіңізге.
Қиқаңдап, ерке-тотай болып кетсек,
Жай сөзбен қайтарушы едіңіз тезімізге.
Аралап құда- жекжат туыстарды,
Немере қыздарыңыз Сізбен барды.
Таласатын Сізбенен барамын деп,
Келістірген соң өзара ұрыспады.
Жетектеп бір-бір қызды әр балаңнан,
Көретінбіз бірде Арыс,бірде Шаяннан.
Бұл күнде бәрі отырып еске алады,
Өздері де немере жетектеуге таянған.
Көтеріп дауысыңызды бір ұрыспапсыз,
Жай сөзбен-ақ тәрбиелеуге тырысқансыз.
Қанша бұзықтық еркелікпен жасасақ та,
Жөнге салып жүрдіңіз шыбық-таяқсыз.
Әр күнгі игі ісімізге масаттанып,
Кемшілігімізді көргенде кейіп,налып.
Ақылмен тура жолға салып жүріп,
Жаманшылықтан жүрдіңіз сақтандырып.
Ғайбаттап,не жамандап біреулерді,
Сөз айтпапсыз мұныңызды ел біледі.
Қолдағы бар заттарды теңдей бөліп,
Беретініңізді көршілердің бәрі біледі.
Үш ұл мен екі қызыңызды көзі тірі,
Аралап жүруші едіңіз жиі-жиі.
Не көріп,не естігеніңізді іште сақтап,
Қайтушы едіңіз білдірмеген күйі.
Айтатынсыз әкелерің болды жетім,
Сыйластық қайтармастан оның бетін.
Бірге жүрген кезінде қол ұстасып,
Ғайбаттап, қол көтергенін көрмеппін.
Елге сыйлы әкелерің болған еді,
Алақанына салып оны құрметтеді.
Қашан да әділ айтып, тура шешіп,
Жүруші еді тарқатып қиын түйіндерді.
Дейтінсіз қиналғанда кей күндері,
Арқа тұтып жүретін ол сендерді.
Алаңсыз сенім артып ұл-қызына,
Жүзеге асыратын Ұлы істерді.
Келгенде сексен екіге жасың жетіп,
Әзілдеймін деп алған ем өкпелетіп.
Деген едім -әкемнің жасына жеттің,
Соңынан оның бармаңыз қуып жетіп-.
-Құтыла алмай отырсың ба менен дедің,
Ұнамай отыр саған қане қай мінезім-.
-Кешіріңіз, анажан, артық кетсем,
Күндегідей өзіңізге әзілдедім-.
Байқаймын райыңыздан тез қайттыңыз,
Сол кездегі ренішіңізді де айттыңыз.
Сол күннен бастап енді өзіңізге
Сақтықпенен сөйлейтін болдық-ау біз.
Жасыңыз келгенінде тоқсан жасқа,
Тәбетіңіз тоқтады түрлі асқа.
Бәрімізді жиып ап қайырластыңыз,
Білдіңіз жолдың жоғын енді басқа,
«Әжіге» аттандырдық содан өзіңізді,
Қара жерге жасырдық жүзіңізді.
Рухыңызбен жүргейсіз демеп, желеп,
Артыңыздағы қалған ұрпақтарыңызды.
Қыдырбай Жұмәділұлы