Книги

Аманатына адалдық

Ертеде бір кедей жігіт табанақы маңдай терімен адал еңбек етуінің арқасында табысы молайып, отбасылы, бала-шағалы болғаннан кейін, қажылық парызын өтеу үшін жаяулатып Меккеге қарай бет алыпты. Жол жөнекей өзінің қалтасындағы қаржысынан сақтық үшін жолда кездескен танымайтын бір-екі азаматтарға аманат етіп қалдырыпты.

Тиісті парызын өтеп Мекке мен Мәдинаны біраз уақыт аралап, елге кері қайтарында әлігі аманат етіп қалдырған қаржысын тапсырған азаматтарды ізеп тауып, біреуінен тиісті қаржысын алып, рахметін айтып, әлігі азаматтың ата-бабаларына құран бағыштап, аманатына адалдығы үшін сеніп қалдырған қаржысынан әлігі танымайтын азаматқа үштен бір бөлігін сыйақы ретінде, (әлігі азамат қанша алмаймын дегеніне келіспегеніне қарамай) беріп кетіпті.
Еліне қарай аяңдапты. Келесі аманатын алу үшін аманатын тапсырған азаматтың үйіне барса, отағасы қайтыс болып кетіпті, ал әйелі ондай аманат туралы естімегенін, баласын шақырып сұраса, баласы да аманат туралы бейхабар екенін айтыпты.

Амалы таусылған аманат иесі бір қалада үлкен ғұлама барын естіп, соған барып жағдайын түсіндіреді. Сонда ғұлама оған:
-Кері қарай жүріп отырсаң алдыңда «Жұмақ» деген ел кездеседі, мүмкін сенің аманат тапсырған адамың сол жерде шығар, онда болмаса «Тозақ» деген ел бар сол жерден табасың,-депті.

Әлігі Қажылық парызын өтеп қайтқан азамат амалсыз кері бұрылып жүріп отырып күндердің бір күнінде «Жұмақ» елін тауыпты, сұрастыра келе аманатын тапсырған азаматты таппағаннан кейін «Тозақ» еліне қарай бет алыпты. Ол жерге де арып-ашып жетіп, іздеген азаматын сұрастырып жүріп, тауып алыпты.

Аманат иесі:
-Мен өзімнің аманат еткен қаржымды алғалы келсем өзің о дүниелік болып кетіпсің, ал әйелің мен балаң менің аманаттап саған тапсырған қаржымды «білмейміз, естіген емеспіз» деп қайтармай отыр. Бұған не дейсің?-деп сұрапты.
-Мен сенің аманаттаған қаржыңды әйелім мен балама айтуға үлгіре алмадым, бірақ қаржыңды мал қораның ішіне, күнгей бетінің қабырғасының астын кеулеп, шірімейтіндей етіп киізге орап салып қойған едім, содан өзім де сапарлап жүріп қайтыс болдым, «Жұмақ» елі мені «біреудің аманатын отбасыларыңа ескертпедің» деп «Тозақ» еліне жіберді. Мұнда сенің аманатыңды өз қолыңа табыстай алмайтыныма қиналып жүр едім, депті.

Сол кездерде Алланың құдіретімен әлігі «Тозақ» елінде жүрген азаматтың әйелі мен ұлына бір мезгілде түстеріне аян беріп, аманатын іздеген азаматтың тапсырған қаржысы мал қораның күнгей бетіндегі қабырғасының астында киізге ораулы жатыр, оны әлігі аманат иесі барғаннан кейін алып бересіңдер. Ол барғанша тиіспеңдер,-депті. Қу дүние қызықтырмай қойсын ба? Анасы мен баласы әкесінің таса жерге жасырған біреудің аманатын тауып алып, оны әлігі иесі келгенше пайдаланып, үстіндегі пайызының қызығын көрмек оймен қораның күнгей бетіндегі қабырғасының барлық жерін қазып көргенімен таба алмапты.

Араға бірер айды салып аманаттың иесі келіп, әкелерінің айтқанын естіртіпті. Сонда анасы мен баласы қолдарына кетпен, күректерін алып әлігі қабырғаның кез келген жерін қазбақшы болса, сол жерлердің бәрі тастай қатты болып кетпен күректерінің жүзі қайырылып қалыпты. Не істеудің амалын таппай дағдарып тұрғандардың қасында тұрған аманат иесінің аяғының астындағы әлігіде ғана кетпен мен күрек батпаған жердің топырағы төмен түсіп, шұңқыр пайда болыпты, әлігі шұңқырды қолмен шамалы қазған қажы ораулы затты алып шығып, ашып қараса өзінің аманаттап қалдырған қаржысысынң мұрты бұзылмастан тұр екен. Қаржыны қолына алған қажы санамастан қаржысының біраз бөлігін аманатын сақтағаны үшін әлігі азаматтың әйелі мен баласына рахметін айтып ризалығымен беріпті.
Сол мезетте әлігі «Тозақ» елінде жүрген азаматты Періштелер «Жұмақ» еліне ауыстырып алып келіпті.

Қыдырбай Жұмәділұлы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі