Книги

Әкеммен әңгіме-1

О,сорлы! — деп бастаушы ең ашулансаң,
Сорлы-ай!- деп те айтушы ең бір қуансаң.
Сорлы сөзі екі ойыңды білдіретін,
Бұл күндері өткенді еске алсам.
Жақсы еді таяқтап ұрып жықсаң,
Ең болмаса ашуланып бір боқтасаң,
Не ұрмапсыз, болмаса боқтамапсыз,
Көз жүгіртіп өткенге қарап тұрсам.
Ашуланып айтқаның «сорлы» деген,
Бірдей екен таяқпен сабағанмен.
Арқа сүйеп өзіңе кеуде соғып,
Кеткенімде өмірде басып белден.
Қуанғанда айтатын «сорлы-айыңнан»,
Түсінуші ем сыйпады деп маңдайымнан.
Ілгері басып, озып кеткенімде,
Көрінсем жақсылардың маңайынан.
Деуші едің:- «Қызметіңе адал болғын,
Лас іспен былғанбасын екі қолың.
Дүние де, мансап та қолдың кірі,
Дұшпаның даяр тұрар құрып торын.
Жақсыға бір кісілік орын бар деп,
Айтушы едің ескертіп, үнемі көп.
Аңдушының тұзағына түсіп қалма,
Біреудің табанақы табысын жеп».
-Мен өстім жетім болып, запа көріп,
Қолымда болған емес байлық, ерік.
Бел шешіп, аянбастан еңбек етіп,
Отырмын рахатын енді көріп.
Әкем де, анам да жоқ жастай өлген,
Екеуі үш қызбенен бір ұл көрген.
Әпкем мен өзім қалып еркек кіндік,
Ұрпақты жалғастырдық Құдай берген.
Бойжеткен Жұмаш апам тұрмыс құрып,
Қиналдым жалғыссырап, ішім бүріп.
Жағдайымды түсінген Құлшығаштар,
Қол созды мен жетімге мойын бұрып.
Қолында жүрдім апаның бірге тұрып.
Елді ойлап бірде жылап, бірде күліп.
Зияш пен Айшакүл1 атты қарындастар,
Қалып қойды сыймасын іштей біліп.
Қой мен қозы қайтардым ерте тұрып,
Жәдіктің жастарымен бірге жүріп.
Бір күні Жұмаш айтты:- Бауырымсың,
Бөржарға бар, ер жеттің -деді күліп.
Құдашалар желкілдеп өсіп келед,
Бір жүргеніңді сырт көздер күнде көред.
Болмағанды болды деп біреуі айтса,
Ақ болсаң да соңыңнан өсек еред.
Сондықтан Бөржардағы Қалтайға бар,
Немере апаң кет демес, қарсы алар.
Құралбайдан біз болсақ, ол Оралбайдан,
Осылай шешкен екеуімізге жақсы болар.
Тасбаудың үш ұлы бар өр тұлғалы,
Боранбай2 дімкәс еді, ол туғалы.
Оралбай екінші ұл орны бөлек,
Әкесі Қалтай қыздың Бөржардағы.
Құралбай әкемізді «Қара жұмысқа» алған,
Мәскеу асып, Киевте окоп қазған.
Он жетінші жылғы дүрбелеңде,
Аман-сау, басы бүтін елге оралған.
Содан әкеміз орысқа тілмаш болған,
Кереку, Семей асып, Созақ қонған.
Тұрақтап Арыс өзені жағасына
Шұбарда бөгежіліге күйеу болған.
Ақша еді есімі анамыздың,
Келісті қызы еді Ұлы жүздің.
Он үшінде Жұмаш атты қызды туып,
Қуанышында шек болмаған үйіміздің.
Жастайынан жар құшып, тұрмыс құрып,
Үш қыз, бір ұлды жиі-жиі туып.
Ағзасы ауырлықты көтере алмай,
Көз жұмды, бауырларымыз қойды жуып.
Байтоқтан Мақпал атты қыз бар еді,
Ауыртпалықты бауырларымен бірге көрді.
Андабайдың Бердімбетінен Бәймен ерге,
Қосақтап, үйлендіріп қолдан берді-
-Деп әкем тоқтап біраз демін алды,
Жан-жағына мойын бұрып көзін салды.
Жүгіртіп көз алдына өткен күнді,
Байқаймын, қиналыспен есіне алды.
Жастығын басындағы жөндеп алды,
Көрпесін өзіне ықшамдап жиып алды.
Жөткірініп, кеудесін ыңғайлады,
Үзілген әңгімесін баяу жалғады.
-Жас қалдық әкеміз бен анамыздан,
Айырылып қамқор болар панамыздан.
Нұрмаханбет пен Бәйменнің3 арқасында
Айырылмадық бұйырған дәм мен тұздан.
Бөржарға келгенімде жылжып тағы,
Зияш4 қарындасым қуанып құшақтады.
Күләндадай Батырдың бір қызымен,
Көңіл қостым, үй болып өмір заңы.
Үйленіп, үй болған соң елге оралдым,
Жеке отау тұрғызуды қолға алдым.
Анаң екеуіміз қыш құйып, үй тұрғызып,
Елге танымал азамат болып қалдым.
Он бір құрсақ көтерді аналарың,
Кім өлімге қияды балаларын.
Бір апа,ағаң,төрт іні -қарындасың,
Кім біліпті оларды жастай жер құшарын.
Әскерге дейін арба айдап, шөп те шаптым,
Адал боп қалқоз басшыларына жақтым,
Айтпадым өсек сөзді, өтірікті,
Абыройды сіңірген еңбектен таптым.
Көп ұзамай сайлады шөп бірігәдір етіп,
Еңбек еттім адалдықпен мақсатқа жетіп.
Табанақы, маңдайдан аққан терді көріп,
Басшылар жүрді әрдайым мақтап өтіп.
Соғысқа дейін әскерде болдым үш жыл,
Кеудемде жалындаған жылдар еді бұл.
Моңғолия жерінде борышымды өтеп,
Командирден еститінмін алғыс кілең бір.
Бастағанда Гитлер сұм соғысты,
Орда бұзар жаста едім, күшті ,мықты.
Сталинград қаласында жарықшақ тиіп,
Сол жақ көзім орнынан ағып түсті.
Емделдім Саратовта госпитальда,
Жалғастырдым ем-домды Самарқанда.
Жұмысшы батальонына жарайды деп,
Депода еңбек еттім мына Арыста.
Содан соң алып кетті Челябіге,
Шәкірт етіп бекітті бір шеберге.
Қырық алтыншы жылы елге оралдым,
Болат құйған жерлестеріммен бірге.
Шөп бірігәд боп бастадым жұмысымды,
Шаруашылықты түзеуге ел құлшынды.
Ауыл боп қалқоздың жалпы жиналысында,
Тексеру кәмәсиясына төрағалыққа ұсынды.
Сиыр фермасының меңгерушісі де болдым,
Жолын кестім қарсы тұрып суық қолдың.
Қалқоздың жағдайы да жақсы болып,
Әр күнім алғыс пенен қуанышқа толып.
Елу төртінші жылдың көктемі еді,
Кеңсеге шақыртты деп біреу келді.
Ортаға алып басқарма мүшелері,
Дүкенге меңгеруші бол деп кеңес берді.
Көнбестен бұл кеңеске он күн жүрдім,
Дүкеншіліктің қиындығын іштей білдім.
Дүкенді талан-таражға салғандардың,
Жолын қуып кетемін бе деп күйіндім,
-Бекер емес «көл батырып, көп қорқытар»,
Сенім артып отырмыз -деді басшылар.
-Сотталып кетсем егер, жетім едім,
Кім бар мені сүйейтін, арашалар.
Ұл-қыздарым жас әлі, әйел ауру,
Мүлт кетсем қолданамын қандай қару.
Бұйырған дәм-тұзымды адал табам,
Емеспін ішіп-жемге онша зәру-
Деп қанша қиқаңдап бас тартқанмен,
Көпшілік тұрып алды маған сенген.
Амал жоқ, шегінуге болмай қалды,
Абыройсыз болмадым сол дүкеннен.
Білесің өзің кейінгі менің өмірімді,
Қыздырып жүрдім өмірде көрігімді.
Діншілсің деп желтоқсанға әкеп тіреп,
Алып қойды қолымнан партбилетімді.
Беделім болды жоғары ел біледі,
Қай кезде де ақыл сұрап көп келеді.
Ауылды ұйыстырып, бірлік сақта-
Деп айтқан тілегімді жөн көреді.
Інімдей көрдім Сені соңымнан ерген,
Ризамын Аллаға Сендерді берген.
Жеке едім, ұрпағым көп болсыншы деп,
Аллаға күндіз-түні басымды игем.
Сұрадың руыңды қайта-қайта,
Жетіммін деп шаршадым айта-айта.
Көзің ашық, өзіндік беделің бар,
Руыңды білгенде не бар пайда?
Білгенімді айттым мен жиып-теріп,
Отырмын төрден көрді жақын көріп.
Алғаныңды менен үлгі еткін
Ұрпағыма салиқалы тәрбие беріп-
Деді де, шаршап әкем үнсіз қалды,
Ауру денесін сәл қозғап жиып алды.
Енді тыныш жатайын мазалама,
Деп белгіні ишарамен сәл жасады.
Тоқсан төртінші жыл еді, елудемін,
Ерте кетіп жұмысқа, кеш келемін.
Үйге кіріп жан-жаққа бұрылмастан,
Шетелдік сериалды үзбей көремін.
Әкем жатыр бөлмеде бізден бөлек,
Жүріп-тұруға шама жоқ ауру билеп.
Кіріп-шығып жүргенмен көңіл бөлмей,
Жүр екенмін өзімше «пұшпақ» илеп.
-Қайда жүрсің деп сұрады бетін бұрып,
Орынынан қиналып барып тұрып.
Сені ойлап жатырмын мазам кетіп,
Жағдайыңды айтсаң қайтеді кіріп-шығып.
-Тәте!-дедім, әкеме мен елудемін,
Жұмысқа ерте кетіп,кеш келемін.
Жеті баланың әкесімін мен де қазір,
Жұмыс жайлы Сізге неге есеп беремін.
-Жұмысыңды абыроймен атқара бер,
Жұмыста көп кідірме ертерек кел.
Жүз баланың әкесі болсаңдағы,
Сен менің баламсың ғой, оны ескер.
Сексен екі жасында кілт бұрылды,
Шиыршық атып орнынан тік отырды.
Бой жазуы екен ғой кейін білдік,
Мәңгілікке аптадан соң көзін жұмды.
Тірі жүрсе елге сыйлы болар еді,
Қыдыр дарып, бақыт кеп қонар еді.
Жиырмасыншы ғасырда дүниеге келген.
Жиырма бірінші ғасырда жүзғе толар еді.
Үш ұлымен көзі тірі екі қыздан,
Жүзден асқан ұрпағы бар тараған.
Немере, шөберелері шөпшектері,
Азамат болып қалды іске жараған.

1. Айша деген қарындасын 1933 жылы 9 жасында Шымкенттегі балалар үйіне беріп, кейін қанша іздесе де таба алмаған. Түсімде ата-анасымен бірге жүреді, әсте қайтыс болған-ау дейтін еді әкем.
2. Боранбай Тасбаудың тұңғышы, жастайынан ауру себепті, жігіт кезінде үйленбей қайтыс болған.
3. Нұрмаханбет –Қалтайдың күйеуі. Ол кісі Бөржарда, ал Бәймен «Ленинтуы»/Қажымұқан/ ауылында диірменші болған.
4. Зияш деген әкемнің үлкен қарындасы 1941 жылы тамыз айында 17 жасында көзігіп қайтыс болған. Өте көрікті, сұлу, ақылды еді- дейді білетіндер.

Қыдырбай Жұмәділұлы