Кеңестік дәуірден бұрын бабаларымыз мыңғырған төрт түлік малымен ен даланы жай-лап, бір ауылдан екінші ауылға қасына сөзден өрмек өретін шешендерін, қара өлеңнің майын ағызатын ақын-жырауларын, сондай-ақ білекті палуандары мен бірнеше атқосшыларын ертіп жүру беделді байлардың дәстүрі іспетті еді. Барған жерінде ауылының намысын қорғауға құралайды көзден ататын мергендерін, арқалы ақын-жырауларын, жауырыны жер искемеген палуандарын сайысқа салып, жеңіске жетсе мерейлері үстем болып, кеуделерін кере шалқақтап, жеңілсе мойындарына су құылғандай күй кешіп, кері қайтып жатады екен. Сондықтан да беделі мен байлығы көп жерге белгілі қадірлі адамдар ондай жерге баратын кезде жан-жақты даяр-ланып, барлық саладағы адамдарын електің көзінен өткізіп, сенімді болған да ғана шақырылған жерге немесе өздігінен бір жұмыспен барғанда ертеді екен.
Бадам өзенінің бойында орта жүздің құлшығаш руының атақты байы Жүсіпбек деген кісі сондай жерге жерлесі, атақты ақын Майлықожаны қасынан тастамай ертіп жүруді әдетке айналдырыпты.
Бірде, Отырар жаққа бір жұмыспен бара жатып, Арыс өзенінің жағасындағы Қостүйін-нен өтіп бара жатып, шөлін басуға төңірекке көз жұгіртіп, жақын маңнан ауыл кездестіре алмай келе жатса, қарсы алдарынан оншақты қара киіз үйлерді көреді. Шеткеректегі қара киіз үйдің тұсына келгенде Жұсіпбектің бір нөкері:
-Ау, кім бар екен? Құдайы қонақпыз. Шөлді басатын сусын табылар ма екен?- деп дауыстайды. Шамалы уақыттан кейін сәнді, жинақы, таза киінген бір бойжеткен қыз қолына жаңа сырылы аяқ толы қымызын қос қолдап алып келіп, топтың ортасында тұрған Жүсіпбекті осы топтың басшысы екенін танып, қымызды ұсынады. Бойжеткен қос қолдып қымызды ұсынғанда, көйлегінің жеңі білегінен төмен сырылып, білегі жалаңаштанып қалады. Жүсіпбек те қымыз толы сырлы аяқты еңкейіп, қыздың білегін сипай отырып алады. Өз кезегінде Жүсіпбек босатқан сырлы аяқты ат үстінде тұрып, бойжеткенге еңкейіп ұсынғанда, оның да білегі жалаңаштанады. Бойжеткен де байдың қымыз алғандағы қимылын қайталап, Жүсіпбектің жалаңаш білегін сипай отырып алады да, үйге кіріп кезегімен қонақтарға қымызын алып келеді. Қымызға сусындарын қандырған жолаушылар ілгері жүріп кетеді.
Бірнеше күн Отырарда, Шілікте болған Жүсіпбектер кері қайтып келе жатқанда, Жүсіпбек әлігі өздеріне қымыз берген ауылдың тұсына келгенде, осы ауылға қонақ болып, түнеп, ертең ертелеп елге аттанамыз дейді.
Қасындағы нөкерлері, ішінде Майлықожа да бар, шулап келіскісі келмеген сыңай танытқанымен, Жүсіпбек ырыққа көнбей, ат басын қыздың ауылына бұрады да, «өткендегі қызға үйленемін» дейді.
-Әй, Жүсіпбек, онсыз да төрт әйелің бар ғой, әрқайсынан ұрпақсыз емессің,- деген Майлықожаға
-Бесінші әйел етіп аламын,-деп қысқа қайырған Жүсіппбек, осымен сұрақты тоқта-тыңдар дегенді көз қарасымен танытып, қыздың ауылына келіп аттан түседі.
Жүсіпбекті танитындар құрақ ұшып, барынша жақсы күтіп алуға тырысады. Шамалы уақыттан кейін сыртқа шыққан Жүсіпбектің бір нөкері ауыл ақсақалдарына Жүсіпбектің мұнда келу себебін айтып, қыздың қалыңына ауыздарың толғанша кәдені сұраң-дар дейді.
Қонақасы желініп, болғаннан кейін қонақтардың ішінен Майлықожа Жүсіпбектің осы ауылға қыз айттыра келгенін, енді қалың малдың мөлшерін айтыңдар дейді.
Алдын ала бұлардың келген жұмыстарынан құлағдар болған ауыл адамдары ары ойланып, бері ойланып, қалыңның басы мықты жылқыдан тоғыз тоғыздан болсын деген шешімін айтады.
Ертеңіне ауылдан аттанарда Жүсіпбек ауылдың ақсақалына қасына айтқан малдарыңды айдап келу үшін мықты жігіттерді қосып беруін ескертеді.
Кеңсазға жақындағанда жусап жатқан жылқыларды көрсетіп, Жүсіпбек қыздың ағаларына:
-Мына менің тор қасқам мен анау жігіттің астындағы қызыл күреңді мініңдер де, жылқылар-ды өздерің қалаған жерлеріңнен бөліп, жарып айдап шығыңдар. Сендердің астарыңдағы аттар-ыңды менің тұлпарларым шайнап тастап, өздеріңе де зияны тиер,- деп атынан түсіп, өзінің тұлпарын ілесіп келген жігіттерге беріп, аттарын ауысып мінеді. Мықты да бабында тұрған аттарға мінген қыздың ағалары шауып келген күйі жылқылардың шетінен жарып, бөліп алады да, ұзатыңқырап шетке шығарып, Жүсіпбектердің аттарын әкеліп беріп, өз аттарына мінген күйі шаңын бұрқыратып, үш-төрт үйір жылқына ауылдарына айдап әкеледі. Мына байлықты көрген ауыл адамдары қыздың жасауын әлдерінің келгенінше жақсылап жасап, уәделі күні қыздарын Жүсіпбекке ұзатып салады.
Бадамға келгеннен кейін келіннің бетін ашқан Майлықожа:
-Келін келдің Жортпастан,
Үсті-басын шоқ басқан,
Төрт әйелдің үстіне,
Қалай келдің қорықпастан-деген екен.
Сөйтсе, қалың малға алынған малдың есебі қыздың ауылының айтқан тоғыздарынан асып кетіпті де, сонша мал алғанымызда ұят болар деген оймен қыздарының үсті-басына барлық әшкейлерді іле берген екен.