Жас келін бата

Жас келінге бата

Бисмил-лаһи-ир-раһмани-ир-раһим

Қолыңды жай бата берейін,

Сөз маржанын терейін.

Махаббаттарың берік болып,

Айың тусын оңынан.

Шаңырақтарың шаттыққа толып,

Күнің тусын солынан.

Тіккен отаулары берік болып,

Жас келін екі жыл сайын жүкті болсын.

Керегесі кең болып,

Іші сәбиге толсын.

Төрт түлігің сай болып,

Қораң малға толсын.

Екі жасқа арамдық ойлаған,

Көгермей,көктей солсын.

Жас келін инабатты болып,

Ата-ене, дос-жаранға,

Мейірманды болсын.

Жүздерінен қуаныш кетпесін,

Дұшпандықтың ауылы алыс қонып,

Жас жұбайларға жетпесін.

Торсықтай сәбиді тойдыратын

Қос анары сүтті болсын,

Кеш жатып, ерте тұратын

Жас келін епті болсын.

Қыдыр әлейки салам қасында болып,

Жұптарың жазылмасын.

Қазаның оттан түспей,

Үйіңнен мейман арылмасын.

Дініңді, ана тіліңді таза сақта,

Салт-дәстүрге адал бол,

Он тілді еркін білсең де,

Қазақ тілінен аутқыма, лақпа.

Салиқалы,салмақты келін бол,

Осы берген баталарым

Періштенің құлағына шалынсын.

Жүзің жарқын, бақытты бол!

Әумин!